Ақтөбедегі №41 «Назерке» мектепке дейінгі ұйымынан шыққан ақпарат балабақша қызметкерлерін де дүрліктіріп жіберді. «Балабақшада балалар пайдаланылған мүшеқаппен ойнапты» деген ақпарат ата-аналар арасында тарап кеткен. Бұл туралы өңірдегі NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

Мүшеқаппен ойнаған балабақша бүлдіршіндері туралы сыбыс Ақтөбе жұртын дүрліктірді

Ал балабақша басшылығы бұл жағдайдың түсініспестік, жала екенін айтып, ақталумен болды.

«Ол ақпарат дəлелденген жоқ. Қазір оны əркім əртүрлі айтып жатыр. Бізге бұл туралы 5 желтоқсан күні ата-аналар комитеті айтып келді, оған қатысты жиналыстар өткізілді. Балабақшада ішкі тексерістер жасадық. Ешкім ештеңе тапқан жоқ, ата-аналарға жалған ақпарат тарап кеткен. Біз қазір ондай жағдайдың болмағандығын түсіндіріп жатырмыз», – дейді «Назерке» балабақшасында меңгерушінің уақытша міндетін атқарушы Гүлнəр Тілеулиева.

Балабақша басшылығы ақталғанымен, ата-аналар дау шығарған күннің алдында мекеме күзетшісінің екі рет бақылау камерасын сөндіргені белгілі болды.

«Балабақшадағы бақылау камерасы таңертеңгі жəне кешкілік уақытта екі рет сөнген екен. Сол күні кезекшілікте болған күзетші өз еркімен жұмыстан шығып кетті. Қазіргі уақытта біз барлық топқа камера орнатуға тапсырыс беріп қойдық. Болашақта балабақшаның əр тобына камера орнататын боламыз», -дейді Гүлнəр Тілеулиева.

Мүшеқап туралы ақпаратты жоққа шығарған балабақша басшылығы күзетшінің не үшін бақылау камерасын сөндіргені туралы түсіндіре алмады.

Пікірлер

6 + 8 =