Бұдан бұрын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы Әбілязовпен ауыз жаласуы мүмкін деген күдікпен 4 адамды — Е.Ерімбетов, В.Соколенко, Д.Пестов пен М.Зоровты ұстаған-тұғын. Естеріңізде шығар? 

Serke.org cайтының жазғанындай сот алды тергеуде бұлар Әбілязовтың «БТА-банктен»  жымқырған  миллардтаған қаржысының едәуір бөлігін, нақтылайық –  50 миллионнан астам долларын заңдастыру ісіне қатысқан деген күдікке ілінген. Ал  Ескендір Ерімбетов болса өзінің бақылауындағы «SKY SERVISE» ЖШС-і арқылы 1 млрд теңгеге жуық бюджет қаржысын жымқырды деп айыпталып отыр.

Бұл қылмыстық істің тарихы шамамен 2009 жылдан басталады.

Осы жылы Ескендір Ерімбетовтің туған әпкесі, БТА банк құрылымдарында басқарушы директор және БТА банктің басқарма мүшесі қызметін атқарған Ботагөз Жәрдемәлі аяқасты жұмыстан өз еркімен босап, шетелге кетіп қалған болатын.

Кейін, Алматы қалалық қаржы полициясы БТА банкті тексергенде, Ботагөз Жәрдемәлінің  қаржы алаяқтығына қатысы бары анықталды.

Ол банктің 500 млн долларға жуық ақшасын шетелдегі әлдебір фирманың есепшотына қайтарымсыз несие ретінде аударып жіберген.

Осындай қаржы алаяқтығын жасап болған соң, өзі де тайып тұрған. Сондықтан оған 2013 жылы  ҚР Қылмыстық кодексінің 28, 176 және 220-баптарында қарастырылған қылмыстық әрекеттерді (сеніп тапсырылған мүлікті ұйымдасқан қылмыстық топтың көмегімен ірі көлемде иемденіп алу немесе талан-таражға салу) іске асырды деген айып тағылып, халықаралық іздеу жарияланған болатын.

«Тергеушілер жариялаған мәліметте Ботагөз Жәрдемәлі турасында түгел ақпарат айтыла бермейді» дейді Serke.org.

Шындығына келсек,заңгер мамандығы бар бұл келіншек Әбілязовтің сыбайластары арасында өте танымал, зор беделге ие.

Ол әбілязовшілердің ортасында «Жәмила» деген атпен белгілі. Себебі,

«Жәмила» қашқын банкирдің ашынасы болған.

Оның БТА банктегі қызметінің тез өсуі мен оған аса жауапты секторларды басқартып қоюы бекер емес. «Кемедегінің жаны бір» дегендей, Әбілязовтің қылмыстық істеріне шатылып, соның ажырамас бөлігіне айналған Ботагөз Жәрдемәлі үшін Украина азаматына күйеуге шықса да, бұдан былай да алаяқ банкирмен тізе қосып әрекет етуден басқа амалы қалған жоқ. Сондықтан ол мүмкіндігінше Мұхтар Әбілязовтің сенімінен айырылып қалмауға тырысты.

Қайынжұрттың жақсылығы…

Мұхтар Әбілязов француз түрмесінде отырған жылдары

оның БТА банктен ұрлаған қаржысын жасыру мен заңдастыру ісіне Ботагөз Жәрдемәлі белсене кірісті.

БТА банк ақшасына Мәскеу маңынан сатып алынған жер телімдерін жасырмақшы болған орыс ұлтшылы Александр Поткинге нұсқау берумен айналысқан да осы заңгер келіншек болатын.

Тіпті, ол 2013 жылдары Әбілязовтің  ақпарат құралдарына астыртын басшылық жасап, әбілязовшіл БАҚ-ты қаржыландыратын жасырын «қоржын» ғана емес, нені жазу, нені жазбау жөніндегі идеолог болып алды. Әрине, оның бұл ісінен оңды нәтиже шыққан жоқ.

«Жәмила» мен Мұхтардың некедегі әйелі Алма Шалабаеваның арасында туындаған кикілжіңнен кейін Ботагөз Жәрдемәлі әбілязовшіл ақпарат құралдарынан, идеологиялық мәселеден шеттетілді.

Қазір ол заңгер ретінде тек қаржы мәселесімен айналысып жүр.

Ұрланған ақшаның, заңсыз жолмен табылған байлықтың ізін жасыру, оны заңдастырып алу қазіргі заманда ең қиын шаруаның бірі. Аса сақтықпен құпия жасалатын мұндай іске  әдетте өте сенімді деген адамдар тартылады. Қазақ дәстүрі бойынша, бұл талапқа, бірінші кезекте етжақын туыстар сай келетіні анық.

Біз мұны Мұхтар Әбілязовтің тағыдырынан көріп отырмыз.

Алаяқ банкирді жеме-жемге тақалғанда оның қызметтес достары сатып кетті.

Оған қазір адалдық танытып жүргендер оның жақын туыстары ғана, әсіресе қайынжұрты көп көмек көрсетіп жүр. Мына дүниенің заңдылығы іспетті осы бір қағиданы

Ботагөз Жәрдемәлі де ұғынып, өзінің ұрлық ақшасын заңдастыруға туған бауырын тартып отырған жайы бар.

Мәселеге екінші қырынан қарасақ, бұл өзіндік сипаты бар бизнес.

«БТА банктің миллардтаған қаржысын жымқырған – Мұхтар Әбілязов. Ол бұл іске өзі сенетін біраз адамды жұмылдырды. Соның бірі — Ботагөз Жәрдемәлі, оның бұл істі баюдың көзі санағаны белгілі. Ал оның інісі Ескендір Ерімбетов пен оның сыбайластары «Жәмиланың» бизнес жасауына жәрдемдесті. Тек қана олар ерте ме, кеш пе, «судың да сұрауы бар» екенін о баста түсінбеген сияқты» деп жазады Serke.org сөздің түйінінде.

Пікірлер

5 + 3 =