Қазақтың көрнекті сатира сардары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Көпен Әмірбек Ұлттық арнадан көрсетіліп, үлкен дауға айналған «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» сериалына қатысты өз пікірін осылай жеткізді, – деп хабарлайды «Қазақ үні» ұлттық порталының тілшісі.

– Біздің қазақ киносы тарихында дәл осы «Баян Сұлу» сериалындай дау-дамай туғызған сериал болған жоқ. Неге? Бұл жанжал қайдан шықты? Негізгі сыншы халық емес пе? Халық – елек. Өнерді – бір қап ұн деп қарайтын болсақ, ұныңды илегенде керегі бір жақта, кебегі бір жақта қалмай ма? Осы сериалды електен өткізсек, бұның керегі шамалы, кебегі көп дүние. Сондықтан да, көпшілік көңілінен шықпағаннан кейін наразы.

«Халық ұйғарса, хан түйесін сояды» деген аталы сөз бар. Осы сериалдың айналасында тер төкпесе де, еңбектенгендерге, олардың шашбауын көтергендерге айтарым – шын өнерді қорлауға болмайды!

Қазақ халқы бағзыдан бері өзінің салт-санасын, әдет-ғұрпын сақтап келу арқылы қазақ болып келе жатқан жоқ па? Сериалды түсірушілер әдебиетіміздің алтын қорына айналған ұлы дастанымызды алып шыға алмаған. Жібектей дүниемізді жұлмалап жүн-жырғасын шығарған. Әрқайсысының рөліне жеке-жеке тоқталуға болар еді, оны артық санап отырмын. Себебі, жалпы алғанда сериал жасанды, сенімсіз, халыққа көрсететіндей деңгейде емес.

Ал, енді біреулер шығып «ойбай, ол жырдың бәленбай нұсқасы бар» деп жатыр. Мейлі, қанша нұсқасы болса да, халықтың жүрегінде, көкірегінде «Қозы-Көрпеш – Баян-Сұлу» жыры шолпан жұлдыздай бір ғана нұсқада жарқырап тұр. Бұлар соны жарқырата алмады. Оның несін қорғайды? Өмірде екі нәрсе бар: бірі – қорғау, екіншісі – қорлау. Жарты ғасыр бұрын түсірілген «Тақиялы періште» мен «Қыз Жібекті» қараңызшы. Қандай көркем дүние! Ал, Баян Есентаеваның мына сериалын өзінің жақтастары мен жақындарынан басқа жақтап, қолпаштап отырған адамды көрмедім.

Біз продюсердің мүддесін емес, елдің, көзі ашық көрерменнің мүддесін ойлауымыз керек. Елдің мүддесі – мемлекеттің мүддесі. Мемлекет мүддесі мен Менмендік мүдде деген екеуі екі түрлі. Бізді құртатын осы менмендік мүдде. Атым шыққан деп, осылай жасауға бола ма?

Ел аузында мынандай әфсана бар: «Қотыр ешкі айтқан екен: «Мені кім сойса да, қасапшы сойса екен» деген. Бұлар қазақ киносының қасапшысы да бола алмады.

Қазақта «тұщымды» деген ұғым бар. Шеген құдықтың суынан артық су жоқ. Ал, қазір «Кока-кола» секілді бер жағы жылтырап тұрған, ар жағы мейіріңді қандырмайтын құр тәтті су көп. Онымен халықтың мейірін қандыра алмайсың. Бұлар сол «Кока-кола» секілділер ғой.

Пікірлер

8 + 1 =