Кеше Астанадағы ең биік ғимаратты салып жатқан 400-ге жуық адам бір күнде жұмыссыз қалды. Осыған қатысты ҚР Еңбек және әлеуметтiк даму министрi Тамара Дүйсенова Үкiмет отырысынан кейiн берген сұхбатында түсiнiктеме бердi, деп хабарлайды Baq.kz тiлшiсi.

Министрдiң мәлiметiнше, «Абу-Даби Плаза» құрылыс кешенiнде 4 компания жұмысшылары жұмыстан шығарылған. Ал, кешенде барлығы 11-ден астам компания жұмыс iстейдi.

«Еңбек заңнамасына сәйкес, жұмыс берушiлер еңбек шартында «мынадай уақытқа жұмысқа тартылады» деп көрсетiледi. «Абу-Даби Плазадағы» төрт мекеме өз жұмыстарының уақытын белгiлеп, «осы уақытта жұмыс аяқталады» деп көрсеткен. Қазiргi уақытта сол компаниялардың бiздiң еңбек инспекторларына берген ақпараты бойынша, кейбiр компанияда жұмыстың аяқталғанына байланысты әр жұмыскерге, шартқа қол қойылған қызметкерге тиiстi ақпар берiлген», – дедi Тамара Дүйсенова.

Дүйсенованың айтуынша, кеше Астана қаласының еңбек инспекторлары «Абу-Даби Плаза» қызметкерлерiмен және жұмыскерлерiмен сөйлесiп, жұмыс iстеген азаматтардың қолдарына жұмыстың аяқталғаны туралы ақпарат берiлуi, бiр айлық еңбекақының өтемақы түрiнде берiлуi жөнiнде келiсiмге келдi.

Министр өтемақы жайлы да анықтап өттi. Оның айтуынша, Еңбек кодексiнде «кәсiпорынның экономикалық ахуалы нашарлауынан жұмысшылар жаппай жұмыстан шықса», онда екi айлық жалақы көлемiнде өтемақы қарастырылған. Егер, жұмыс көлемiнiң азаюына байланысты және бұл туралы жұмысшымен келiсiмшарт бекiткен кезде келiсiлген болса, онда бұл белгiленген жұмыс көлемi атқарылды деп есептеледi және өтемақы ретiнде бiр айлық жалақы төленедi.

Дегенмен, жұмысшылардың мәлiметiнше, құрылыс компаниялары оларға алдын ала ескерту жасамаған және өтемақы төлемейтіндерін ашық айтқан.

Пікірлер

5 + 5 =