Елдің сөзін сөйлейтін Ерді таңдап алу – қаламгер қауымға байланысты!

Бұл сұрақ көптің көкейінде жүргені белгілі. Алайда, жаңа төраға емес, уақыты өтіп, қызметінен кетейін деп жатқан Нұрлан Оразалиннің айналасындағы дау әлі де басылмай жатыр. Әдеби ортадағы гу-гу әңгімеге сенсек, Одақтың өз қызметкерлері мен салыққа 30 миллион теңге көлемінде қарыздары бар секілді. Жазушылар қауымы қазіргі төраға мен оның командасы аталмыш берешекті өтеп кету керек деген ұстанымда екен.

Осыған дейін белгілі жазушы Бейбіт Қойшыбаев Нұрлан Оразалиннің шығармашылық үйді коммерсанттардың қолына өткізіп беріп, Әдеби қорды қалай құртқаны туралы шындықты жазған болатын.

Біздің естуімізше, билік тарапынан Одақтың келесі төрағасының орнына қаламгерердің де, халықтың да көңілінен шығатын елімізге ғана емес, шет елдерге де аты әйгілі көрнекті ақынның кандидатурасы мақұлданып үлгерген секілді. Бірақ ,кабинетінен мүліктерін алып кетсе де, Нұрлан Оразалиннің соңғы сәттерге дейін беріспейтін түрі бар?  Оразалиннің ойы егер өз үміткері өтпесе, онда баяғда заңсыз енгізген «Құрметті төраға» деген статусқа ие  болып, төрағаның өзіне ұнамайтын әр ісіне вето қойып отыру екен.  Осы мәселе баяғыда қозғалғанда, бір ақынымыз «Вето десе – бет бар ма?» деген мақала жазып, Жазушылар одағы басқарма мүшелігінен сызылып қалған болатын…  Осы жолы жаңа басшылық бұған жол берсе, онда жазушылардың өз соры.  Сонда, Оразалин мырза өзін 22 жыл бойы төрт рет төраға еткен билікке қарсы шықпақшы ма?

Одақ пен мемлекетке 35 миллион қарызы бар, ширек ғасырдан бері жазушылар жатып шығарма жаза алмаған Шығармашылық одақтың шырғалаңын айтсақ миллиондардан да асып кетеді, кезінде Алматы қаласы әкімі В.Храпунов берген Алматыдағы базардың жағдайы, Алматы облысындағы алма бақ бар, осылардың бәрін жабулы қазан жабулы күйінде қалдыратын «өз кандидатын» жоғарыға тықпалап, ертең Жазушылар одағына ұсыну үшін жанталасып жатқан көрінеді.

Ол ұсынып жатқан адамы, кезінде басылымдарда істегенмен, қаламгер қауымға да, халыққа да жақсы таныс емес, үнемі әкімшілік орындарында жұмыс істеген адам екен. Атын айтып еді, біз де , есімізде сақтай алмадық…

Ендеше, ертең халықтың мұңын айтуы тиіс Жазушылар одағының тізгінін елдің атынан сөйлеп, ұлттың мұңын мұңдап жүрген, 22 жылдағы «жұмбақ жағдайларды» шешіп, қаламгер қауымға да, халыққа да ашық та, айқын есеп бере алатын ақиық ақынымыз алады ма, жоқ, тұтқиылдан оразалиндер қосқан «оңтайлы» кандидат» алады ма, оны жазушыларымыздың жауаптылығы мен сауаттылығы шешеді.

Әрине, ол ортада жүрмегенсін анық-қанығын білмейміз ғой. Дегенмен, Жазушылар одағының бүгінде қоғамдағы рөлі күрт төмендеп кеткені аян. Ендігі кезекте жаңа басшы Жазушылар одағы жұмысына бөлек те, ерек серпін әкеліп, 22 жылда жоғалған абыройын қайтаруы тиіс.

Ендеше, Елдің сөзін сөйлейтін Ерді таңдап алу – қаламгер қауымға байланысты!

Арман Еркінов

Gu-gu24.kz

2 Comments

Пікірлер

2 + 6 =