Соңғы бір-екі жыл ішінде өлең өлкесіне Балтабек Нұрғалиев деген «мега-жағымпаз» атой сала келіп, алдыңғы буын одашылардың бәріне шаң қаптырып кетті. Жалғыз ұраны – «президенттік монархияны» паш ету. Сол үшін ол өзінің Facebook парақшасында елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа, оның әкесі Әбішке, анасы Әлжанға, қызы Дариғаға жеке-жеке өлең арнап шықты. Тақырыптарына да, тұтас бір отбасы мүшелерінің ерекшеліктеріне екпін берген өлең жолдарына да қатарынан үш леп белгісін қойып тұрып сілтейді екен, сабазың! Әлеуметтік желіге тіркелгелі бері, оған тек Назарбаевтар әулетіне ғана арналған жиырма шақты, яғни бір кітапша шығарлық ода жүктеген. Басқа түк жоқ. Онысын оқырмандар оңдырмай келемеждеуде. Ал біз жағымпаздықтың да шегі болатындығын ескеріп, оқырмандар назарына жас ақынның «артық қыламын деп тыртық қылған» өлең жолдарын ұсынбақпыз.

Назарбаев

Ⓒtass.ru

Елбасының ел үшін еткен ерен еңбегін қаламгерлеріміз әдебиет пен журналистиканың кез келген жанрына арқау етіп, хал-қадірінше насихаттай білсе, оларға ешкім қой деп отырған жоқ. Тек арамыздағы саясаткерлерді әулиеге, пірге, пайғамбарға, тіпті, Құдайдың өзіне теңеп, асыра сілтеп жіберетін арқалы ағайынға ара-тұра тізгін тарттырып отырмаса болмайды. Таяуда Балтабек Нұрғалиевтің «Жүзінші есіміндей Жаратқанның» деген өлеңі көпшілік талқысына түскенде, біз осыны ойладық. Сол арнауының соңғы екі шумағында жас ақын:

«Жұлдыз боп әлем үшін тағдыр жанған,

Айналдым, ақ патшамнан, алғыр жаннан.

Асылы адамзаттың Нұр-Атамыз,

Меккеге барғанында жаңбыр жауған.

 

Арылтқан жанардан жас, қабақтан мұң,

Нығметін, шапағатын таратқан мың.

Нұрсұлтан деген есім біздер үшін

Жүзінші есіміндей Жаратқанның!!!», –

деп бірден төрт қатеге ұрынды. Біріншіден, ол Нұрсұлтан Назарбаевты боданындағы қазақты ұлт ретінде мойындамай, «киргиз» деген және адам құрлы көрмей, қынадай қырған ақ патшаға теңеп отыр. Екіншіден, «адамзаттың асылы» деген сөз бір дамушы елдің президентіне емес, соңғы пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с) ғана лайықтап айтылатынын ақын білмейтінге ұқсайды. Ал біздің елбасы Меккеде жүрген күні жаңбырдың жаууы – жай кездейсоқтық қана. Үшіншіден, «Нұр-Атамыз» деп көпше түрде айтуға бала Балтабектің еш хақысы жоқ. Оған ата болғанмен, Нұрсұлтан Әбішұлы – 30-жылдары туған көзі тірі ағайынға іні, 40-жылғыларға құрдас, замандас қой. Төртіншіден, Алла Тағаланың 99 есімі бар екені әлемге аян. Егер адам есімі Жаратқан есіміне пара-пар көріне берсе, Путин, Трамп одашылары да біздің Нұрғалиевтің «нұрлы» жырларынан үлгі алатындай-ақ екен… Бұл ретте, ақынға «он күнәнің тоғызы – тілден» дегенді ескерте кеткен жөн.

Келесі «Ақ ана» деген өлеңінің кіріспесінде Балтабек бүйдейді: «Бұл дастанымды Алладан кейінгі ардақ тұтарымыз, қазақ деген қасиетті еліне қайсар ұлан сыйлаған, Елбасымыздың тарихи тұлға болуына ерен еңбек сіңірген Әлжан ананың әзіз рухы риза болсын деген ізгі ниетпен арнадым!». Бұл жерде ол кімді Алладан кейін ардақ тұтамыз деп тұр? Елбасын ба, Әлжан ананы ма? Қос кейіпкердің қайсысын айтса да, біз тағы да автордың көп атынан жазғанына келісе алмаймыз. Себебі, Алладан кейін алдымен пайғамбарымызды (с.ғ.с), оның сахабаларын, сосын елбасы дүниеге келгенге дейінгі көптеген ұлы тұлға, асыл арыстарымызды ардақ тұтамыз. Одан әрі ақынымыз:

«Бар ұрпақ жан-анадан алар үлгі,

Сыйлаған дүниеге адал ұлды.

Ойыма оралғанда Әлжан Әже,

Жас жуып кетті, шіркін, жанарымды!», –

деп толғайды. Неге жылады десек, оның сыры мынада екен:

«Елінің Тәуелсіздік алғанын да,

Ұлының Жаңа Астана салғанын да,

Көрген жоқ Асыл Ана бірін бұның,

Жүрегім толмас қалай зарға-мұңға?!».

«Шын жыласа, соқыр көзден де жас тамады». Ал елбасының анасын ойлап «мұңға батқан» Балтекеңнің жүрегі шынымен «зар жылады» ма, жоқ па, ол жағын білмейміз. Әйтеуір,

«Анасы Пайғамбардың секілді еді,

Әмина Анамыздай мейірімді», –

деп отыр, өз көзімен көргендей. Сондай-ақ, осы бір ұзақ-сонар толғауының орта тұсында:

«Ел көрді, Әлем көрді Нұр-Атамдай

Ғасырдың ғибратты ғаламатын!», –

деп салған. «Әлемнің жеті кереметін» білетін басымызға мына «ғасырдың ғибратты ғаламатын» сыйдыру да оңай емес-ау… Де-е-еп ойлана бастағанда, көз алдымызда келесі

«Әлжандай Ақ Ананың табанында,

Жатқаны рас екен ғой жұмақ бағы!», –

деген екі жол жарқ ете қалды. «Жұмақ – ананың табанының астында» екенін естуіміз бар, бірақ, бір ғана ананың емес… Балтабек ақынға салсақ, солай сияқты.

«Адамзат, фәлсафа бар фәниіңде,

Құлақ түр қасиетті уәли-үнге.

Осындай Асыл Ана болса деймін,

Қазақтың қабырғалы әр үйінде!», –

дегеніне қарағанда, мынауың тегін ақын емес. Фәнидегі фәлсафаға толы үні – «қасиетті уәли-үн». Ал оған құлақ түрсек, миллиондаған қазақ әйелдері асыл ана бола алмай жүр екен. Болса деп тілейді Балтабек.

«Сіңірген ұрпағына тәрбиесін,

Көрсеткен күллі жұртқа бар киесін.

Еске алып, дастан жаздым шын ниетпен,

Қазақтың Әлжан ана – әулиесін».

Ал керек болса! Автор бізге осы өлеңге арқау еткен Әлжан ананың «киелі», «әулие» болғаны туралы тасқа басылған деректі көрсете алар ма екен?..

«Мұра боп қалды бізге жыры мәнді,

Әзіз Рух Әлжан ана тірі мәңгі.

Жұмақтың ең жоғарғы биігінде,

Шалқып бір жатқан шығар нұры мәңгі!».

Бұған қандай жыр «мұра боп қалғанын» қайдам, әйтеуір, осы шумақтың үшінші жолын оқығанда, Дүкенбай Досжан романының «Елбасының есiмi перiште дәптерiнiң ең төбесiнде тұруға лайық» деген бөлімі еске түсті. Сол даулы шығармада: «Перiште үнсiз. Осы кезде Елбасымыз қалың ұйқыға кетедi. Әлден уақытта перiште қайта оралып, Президентке тiл қатады: «Пендем… мана, әлгiде, өзiң ұйықтап жатқан кезiңде жазбаларымды Жаратқан Иеге көрсетiп алайын деп асығыс аспанға ұшпаймын ба? Жаратқан Иенiң алды бос емес. Ығысып, есебiн тауып жүрiп, алдына жетiп, дәптерiмдi ашып көрсетпеймiн бе? Жаратқан Ие тiзiмге көз салып отырып, дәптер жиегiндегi сенiң есiмiңе назар салғаны… Жаратқан Ие терең ойланып, отырып-отырып былай дедi: «Ендеше, осы пендемнiң есiмiн ең төбесiне жаз…» («Ақ Орда» романының 114-беті) деп Алланы қағазға шұқшиып отыратын адам деңгейіне түсірген сөздер бар…

Сонымен, Балтабек Нұрғалиев әлгі арнауын былай түйіндеген:

«Жыр еттім жазылсын деп жан жарасы,

Естісін бұл Қазақтың бар Даласы.

Шырқасын, шабыттана шарықтасын,

Ән қылып Адамзаттың әр баласы!»

Бұл ретте, автордың жан жарасы өзінің емес, өзгенің анасын жыр етсе жазыла ма? Ал неге сол біздің президенттің анасы туралы қатеге толы оданы күллі адамзат баласы ән қылып, шабыттана шырқауы керек?

«Аттарын Ата Заңға енгізейік!!!» деп тұр кезекті бір тақырыбы. Кіріспесі мынау: «Мемлекеттік Тәуелсіздік сияқты еліміздің ұмытылмайтын құндылықтары туралы Конституциядағы белгілі баптың бір пунктіне Елбасымыздың киелі ата-анасының есімдерін де енгізген жөн деп санаймын. Әбіш Ата мен Әлжан Ананың әруақтарын бәріміз ел болып әспеттеуіміз керек. Осы пікірімді парасатты Парламент ойланса екен». Бұнысы енді… ақыл-есі түзу адамның сөз саптасына тіптен сәйкеспейді! Сосын Жамбыл Жабаевқа еліктеп:

«Менің Пірім – Назарбай,

Аты тілге азандай!», –

деп алады да:

«Жалғасы әулиелердің Әлжан Ана –

Ұрпағы ұлы баба Жатқанбайдың!!!», –

деп Әлжан ананың «әулие» екенін растай түскісі келгендей кейіп танытады. Оған «Киелі болған екен Әбіш Баба» дегенді де қосып қоюды ұмытпапты. Жә, оның осылайша президенттің ата-анасын «әулие», «киелі», «жұмақтың ең жоғары биігінде шалқып жатқан шығар» деп әсіре әспеттеуі мен «Нұрсұлтан деген есім Жаратқанның жүзінші есіміндей» дегені айналайын екен, мына «Қазақстандық Құдайым!!!» деген сорақылықтың жанында! Ол халтурщиктің халтурасы бойынша, елбасымыз

«Таңдап берген тарихын, таңбалаған тағдырын,

Қазақстанның Тәуелсіз Жаратушы Иесі!» екен. Алайда, келесі шумақта кейіпкері ол биігінен құлдырай құлап, бірден әулие деңгейіне түсіп қалады да, соның төртінші жолында қайтадан құдайлық дәрежесіне жетеді. Қараңыз:

«Райымбектей рақымды бола білген ылайым,

Нұр-Атамды мен ғажап Әулие деп ұғайын.

Қабыл алған халқының армандарын, мұратын,

Ерен тұлға Елбасы – Қазақстандық Құдайым!».

Бұл жолы автор «көпқұдайлылық» ұғымының да шет-шегі болатынын ескермей, елбасын «қазақстандық Құдай» деп масқаралады. Барып тұрған сауатсыздың нақ өзі екен! Егер оқу-тоқуы бар болса, «Бес керемет бастама» деген арнауында «Қазақстандай империя – Нұр-Атамның еңбегі!» дер ме еді?! Қайдағы империя, аядай ғана Аягөзді су тасқыны құрсауынан құтқара алмай жатып?!

Енді келесі «Бірігіп болашаққа беттеу керек!!!» деген өлеңіне келейік. Онда:

«Нұр-Атам Жаһандағы Қазақстанның,

Қасықтап жинап берді абыройын», –

деп келеді де, бізге «ынтымақты ыдыратпай, біртұтас ел болуды ойлайық» дегендей ақыл айтып алып:

«Сондықтан династия орнау керек,

Ел болып ұсынысты қолдау керек»… өйтпеу керек, бүйту керек сынды «керектерді» тізіп шығып,

«Тексіздер ел түбіне жетпеу керек,

«Тақ» пен «тәж» жат қолында кетпеу керек.

Нұрсұлтан Атамыздың Әулетімен,

Бірігіп болашаққа беттеу керек», – деп еліріп барып, әрең тоқтайды. Тоқтайды дейміз-ау,

«Елбасы – дара тұлға, нағыз жалғыз,

Бір соған бағынуға парыздармыз», –

дейді одан әрі. «Нағыз жалғызы» «парыздармызына» ұйқас үшін алынғаны болмаса, сол сөзді өзі де түсінбеген шығар.

«Ешкім де «тағын» тартып алмасыншы,

Атамды аяғынан шалмасыншы.

Жаратқан, жалбарынып сұрайтыным,

Билігін ұрпақтары жалғасыншы!».

Осы шумақты Балтабек Нұрғалиев Мұқағали Мақатаевтың «Ақылымды ат тепті ме, аздым ба?..» деген әрі-сәрі күйін кешіп отырып жазған сияқты. Ал

«Уа, халқым, Елбасы ғой – ұлы бағың,

Шығарған көп жеңістің шыңына мың.

Нұр-Ата қамқорлығы болмағанда,

Қазақстан, шын айтамын, құрығаның!», –

дегенді «шөп шегіп» отырып немесе «сайтан суға» сылқия тойып алып сүйкей салғандай.

«Түгендеп Атам отыр ұпайыңды,

Көндіріп АҚШ, Ресей, Қытайыңды.

Нұр-Атам болмағанда, Қазақ Елі,

Көрер ем, көрмеген бір құқайыңды!!!».

Айттым ғой, сау ақылмен жазды деу қиын! Жынданып кеткендей түге!

Келесі оданың тақырыбы – «Анасы бар қазақтың – Сара апайым!!!». Туған күнге арналыпты. Алғашқы ұйқасы міне:

«Керемет пайымыңыз – дара пайым,

Керемет пайымыңыз – дана пайым.

Туған күн құтты болсын деймін Сізге,

Анасы бар қазақтың – Сара Апайым!».

Ол кісіге «әулие-әмбиеліктің» шалығы тимепті, әйтеуір. Бірақ, дара шапқан дархан жүректі одашымыз: «Өзіңіз – ел анасы, ұлт анасы!», – деген сөзді қиған екен. Осылайша, қазақ елінің ғана анасы деп ойласақ, тағы қателесеміз. Автор бізге:

«Әлемді анасындай әлдилеген,

Мейірім падишасын білсін деймін!», –

дейді. Әрине, онымен шектелмеген ақын, бірде әлеуметтік желісіндегі парақшасына «Үрімі үзбесінші үстемдігін!!!» деген тағы бір оданы жарқ еткізді.

«Ұлтымнан Ұлы Тұлға таптым, тәуба,

Нұр тұнған ниетімен жарқыраған!», –

депті онда. Зар-заман ақындары мен халық композиторлары, одан бергі Абай, Махамбет сынды әлемдік деңгейдегі қазақтардың ұлы тұлға екеніне күмәні бар-ау, сірә?.. Осы өлеңінің

«Қадірін білсін Елім Азаматтың,

Құйылған Құдай Нұры қалыбына!», –

деген жеріне келгенде, қазіргі қазақ одашыларының «рухани ұстазы» саналатын Несіпбек Айтұлының «Бәйтерек» поэмасындағы:

«Бәйтерек – Елбасының өр тұлғасы,

Әкеліп өз қолымен Тәңір қойған!», –

деген жолдары санаңда еріксіз жаңғырады екен. Несіпбек демекші, оның Астана қаласы әкімдігімен бірлесе ұйымдастырған «ЭКСПО-2017 Қазақстаным-Ғажапстаным» атты мүшәйрасында осы Балтабек «Ел бақыты – Елбасы» атты өлеңімен ынталандыру сыйлығын иеленген. Сонда жас ақын:

«Иманның исі тұнған игі азандай,

Төгілген шұғылалы сый ғазалдай», –

деген ұйқасқа

«Өзегі өлеңімнің өжет рухты –

Бірлігін баққан елдің Би Назарбай!», –

деген екі жол жалғап, саусағын сора отырып, бір шумақ құрастырыпты. Тарихтың жаңа беттеріне сол мүшәйрадағы қазылар алқасы мен Балтабек бала енгізбесе, әйгілі Әйтеке, Төле, Қазбек билер бастаған тізімде Назарбай есімді би болмаған сияқты еді… Өзі таяуда ғана Qamshy.kz порталына берген «Бізді Назарбаевтар династиясы ғана билеуі керек»деген сұхбатында елбасының «Әділеттің ақ жолы» деген кітабын оқып шыққанын айтқан-ды. «Ол кісі балалық шағында жоқшылық көргенін, қойшының отбасынан шыққанын жасырмай айтады. Әйтпесе, кейбір лауазымды адамдар өздерінің тегінен ақсүйектік іздеуге, өздерін дәріптеуге құмар», – деген еді. Сонда дейміз-ау, «елдің бірлігін баққан бидің» ұлы қалайша қойшы болған?!

«Нұр-Атам парасатпен байлам қылды,

Даланы ұлан-байтақ жайлау қылды.

Танытып жасампаздық, Қазақ Елін

Атақты империяға айналдырды».

Бұл жердегі бірінші қателік – Кеңес өкіметі дүрілдетіп тұрып құрып берген кеңшарлар тәуелсіздік алған алғашқы жылдары құлдырап, кең жайлауға киіз үй тігіп отыру дәстүрі күрт үзілген. Мал басы бартер жасау арқылы кеміп, Балтабек айтқан ұлан-байтақ дала иесіз қалды. Екінші қателік – «империяға айналу». Бұл сорақы сөз саптасқа ол осымен екінші рет ұрынып отыр. Ауызана май! Қанша дегенмен, әйгілі Көк Түріктің ұрпағымыз ғой, кейін империяға айналып қалармыз. Бірақ, қазір емес…

«Егемен Елімізді Нұр-Атамыз,

Лайықты өмір бойы басқаруға».

Мынауың өзінің «Құдай» дегеніне өзі сеніп отыр. Күпірлік қылдым-ау деп имену дегеніңіз байқалмайды. Өзге де шикі ой, шала ұйқасын тізіп қайтеміз, қысқасы, бұл «жыры» былай аяқталған:

«Түскендей Пайғамбарға түскен білім,

Жайнатқан құдыретті күшпен гүлін.

Уа, Тәңір!!!

Назарбаев Нұр-Атамның,

Үрімі үзбесінші үстемдігін!».

Елбасының өзі «демократиялық қоғам қалыптастырғанымызды» тынбай айтып жүргенде, Балтабектің «Назарбаев әулеті үстемдік құрып отыр» деген мына сөзі бұған дейінгі жағынуларын түгелдей жуып-шайып кетіп тұр емес пе?! Бұл аз десеңіз, автор Аллаға:

«Кемеңгер көсем етіп келешекте,

Таңдашы тақ үстіне Дариғасын!»,–

деп жалбарынуда. Сондай-ақ, онысын:

«Президент болашақта болсын дейді,

Жүректен шын тілері бар қазақтың!», –

деп жаппай бәріміздің атымыздан айта салады. Балтабек Нұрғалиев атты жас ақыннан басқамыз олай деген жоқ едік негізі.

«Өрелі, өнегелі Дариға Әпке,

Ақылы бес мың ханның бір басында», –

дегені қалай кетті? Нақты санын кім біліп отыр дейсің деп, бұнысын өзі «ақылы он мың ханның бір басында» дей салса да болғандай екен.

«Билесе тек әулеті Нұр-Атамның,

Қазақстан жойылмайды жер бетінен».

 

«Билесе тек әулеті Нұр-Атамның,

Болмайды Қазақстанда заманақыр».

Мәссаған! Әлгі сауатсыз дегеніміз – бергі жағы, мынауың таза санасыз екен ғой! Екі шумақтан кездескен егіз жолдарын ескерсек, Дариға Нұрсұлтанқызын президент етпесе, бұл қазақтың жер бетінен жойылып кету қаупі бар екен. Енді қайттік?!. Осындағы келесі шумақтар:

«Білгенге Әбіш Әке – дара дастан,

Құшағын қаһарманға ғалам ашқан».

 

«Қайтарып Әбіш Әке кәлимасын,

Қаратқан құбылаға қари басын.

Ағайын, әдеппенен әз бабаның,

Қолдайық біздер бірге Дариғасын!».

Еске сала кетсек, бастапқыда бұл бала «әз баба» – Әбіш әкенің «әулие», «киелі» болғанын айтып еді ғой. Енді ол кісіні «әлем құшағын ашқан қаһарман» деп отыр. Құдды бір, Дариғаны әдеппен әдіптемесе, мұқым халықты оның атасының киесі ұратын сияқты.

«Әләулайым таусылса, халаулайым тағы бар» дегендей, Балтекеңнің «Немересі әженің Әлжандайын!!!» деген келесі өлеңі «Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы – Ғасыр Ғұламасы, Әлемге әйгілі Парасатты Саясаттың Пайғамбары!» деп басталады да,

«Болашағы бұл елдің жарқын мәңгі,

Нұр-Атаммен, Нұр-Ата ұрпағымен!», –

деп жалғасады. Одан кейінгісі түсінікті,

«Жарасады соларға президенттік,

Лайық емес бұл таққа бөтен ешкім», –

дегендей лаққан әңгімелер. «Дана қызы қазақтың – Дариғасы!!!» деген арнауы да сол, жетісіп тұрған жоқ. Оны «Халықтың қалауы бойынша осы жыр-шашуымды Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Атаның ұлы да ұлағатты ұрпағы Назарбаева Дариға Нұрсұлтанқызына шын жүректен, ізгі ниетпен арнадым!» деп бастапты. Біздің «қалауымыз» Балтабекке «жыр-шашу арнату» болса да, Дариға Нұрсұлтанқызының «ұлы да ұлағатты» екенін одан басқамыз білмеппіз. Жалпы, халық атынан сөйлеуін қоймаған бұл кезекті одасында да:

«Патшайым болуға, шын, Сіз – лайықсыз,

Патшайым болған еді Тұмар Ханым!!!», –

дегендей өресіздігін айғақтайтын шумақтар өріп жүр. Әйтпесе, «патшайым болған Тұмар ханымнан қай жеріңіз кем?» деген емеурінді қазіргі қазақтарға білдірудің түк те қажеті жоқ еді.

Шын мәнінде, бұл Балтабек – әлеуметтік желі арқылы атын шығаруға тыраштанып жүрген Саят Әбенов деген асаба сияқты науқандық ақын. Өмірді тек бүгінгі күнмен есептейді. Өзінің дәл қазіргі сәттегі дақпыртын асқақтату үшін қағаз шимайлайды. Оған себеп – «Дональд Трамппен достасып!!!» деген одасы. Елбасының АҚШ президентімен кездесуіне арнаған.

«Көктен нұрың құйылсын, Нұрыңа әлем сыйынсын», «Ұлысың, Алланың жердегі нұрысың» деп асыра сілтеп келеді де,

«Дональд Трамптың күткені –

Достық туын тіккені.

Сен болмасаң, Нұр-Ата,

Қазақстанның біткені!!!», –

деп, әдеттегідей үш леп белгісімен бір-ақ тоқтайды. Оны оқыған жұрт: «Бүгінгі билік үшін әлгі Әбілязовтен де ең қауіпті дұшпан – осы!» сарынында наразылық танытып, шуласты. Ал көп пікіріне пысқырмайтын пәтшағар «Біз бәріміз патшамызбен біргеміз!!!» деген арнауында:

«Президентім тұрды айтқан сөзінде,

Пайғамбардың құдіретті антындай!».

 

«Пайғамбардай бейбіт күнді құп көріп,

Бар Әлемге болып жүр ғой бітімгер!».

 

«Адамзатқа Пайғамбар қып жіберді,

Алла өзі жарқыратып маңдайын!», –

деп тоқтаусыз сарнай берді. Өкінішке қарай, бұның алдында да президентті пайғамбарға теңеу әрекеті білдей бір елге сыйлы ақын-жазушылар арасында болған. Мәселен, Шерхан Мұртаза: «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев адамзатты топан судан аман алып шыққан Нұх пайғамбарға ұқсап, Қазақстанды сонау 90-жылдары Тәуелсiздiк жолында басталған күресте аман алып шығып, ел қылды», – деді («Көбеймесек, көсегемiз көгермейдi»; «Алматы ақшамы», 22 қазан, 2009 ж.). Ал Фариза Оңғарсынова: «Мен Нұрсұлтанды өзiм азамат тарихындағы ең ұлы адам деп бағалайтын мұсылман жұртының ардақты перзентi Мұхаммед пайғамбарға ұқсатамын», – деп анықтап айтқан («Шыққан күндей жарқ етiп…»; «Егемен Қазақстан», 6 шiлде, 2010 ж.). Айтпақшы, сол Фариза апамыз бұған 2012 жылы өткен XY Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің «Поэзия» аталымы бойынша Гран-при табыстап тұрып: «Балтабек – жақсы ақын. Болашақта ол мықты режиссер бола ма, әлде, атақты ақын бола ма, ол – өзінің шаруасы», – деген еді. Мында біз «режиссер болғаны жөн-ау» деп топшыладық, «Назарбаев көшесі немесе біз рухани жаңғырдық!!!» деген келесі өлеңіне көз жүгірте отырып. Өйткені, 28 жастағы жігіттің өлең кіріспесінде «Алақай!!! Алматы қаласындағы даңғылға Елбасы есімі берілді!!! Тарихи күнге толғау-тағзым!!!», – деп қуанғаны – балалық емес, шалалық!

«Ұлы Көше Ұлы Дала төрінде,

Ұлы Көше Ұлы Қазақ жерінде!!!

Жер жеткізіп қайсар рухын Қазақтың,

Жау өкіріп жатқан шығар көрінде?» –

дейді. Сөйтіп, көшені «ұлы» деп ұлықтауды бірінші рет естідік. Егер бір көшеге есім-сойын берді екен деп жау көрінде өкіретін болса, көше тұрмақ, қалмақты қамысша жапырған, немісті қынаша қырған баһадүрлеріміздің атындағы елді мекендер де толып жатқан жоқ па?!

 

«Даңғыл атап даңқыменен патшаның,

Шыныменен біз рухани жаңғырдық!!!».

 

«Біз рухани жаңғыруды жалғайық,

Қырандайын Тәуелсіз боп самғайық!!!

Елбасының елі сүйген есімін,

Елордаға – Астанаға арнайық!!!».

Қайтсін-ай, елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласына «ақын» ретінде өзіндік үн қосқан түрі ғой енді!

«Мақала – Мәңгілік Ел жаңалығы,

Мақала – Ұлы Дала жаңа нұры.

Мақала – мейірімнің шұғыласы,

Мақала – Елбасының даналығы!», –

дейді де, шабытты шырағым «Ұлағатты Парламентке ұсыныс» деп көсіледі тағы бірде. Сондағы айтпағы мынау:

«Бастаңызшы ұсынысты тағы да,

Парламенттің палатасы – Мәжіліс!

Қазақстандық жұртшылықтың бағына,

Бұл бастама – аса қажет, ләзім іс!

 

Сізді пана, Сізді қорған санаймыз,

Уа, Қазақстан Парламенті Сенаты!

«Елордаға берілсе!» деп қалаймыз,

Назарбаев Нұрсұлтандай Ер Аты!».

 

«Бұл бастама бар халықтың тілегі,

Парасатты Парламенті Елімнің!».

Айтуынша, «Нұрсұлтансалған – керемет көтеріңкі көңіл күйде айтылатын асыл сөз! Ұлы сөз!.. Бұл сөзді естіген өзге елдер біздің Елбасымызға деген игі құрметімізден именетін болады… Себебі, Астанада өткізілген қандай да болмасын берекелі бастамалардың, шұғылалы шаралардың барлығының бір жебеушісі, бір қамқоршысы Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев екенін дүйім дүниежүзі жақсы біледі… Әлем үшін Елбасымыздың есімі – бәрінен биік бренд!..» екен. Қос Палата осы тілегін құп алса, Балтекеңнің санасы «рухани жаңғырып», өзіне ептеп жан кіріп қалатын көрінеді… Жә, енді келесі «Құдай нұрын Қазақстанға құйыпты» деген тақпаққа келсек, ол – Маралтай ағасының елбасының алдында оқыған тақпағына ұқсас. Айырмашылығы жоқ.

«Мәңгілік Ел – қарашығы көзіңнің,

Мәңгілік Ел – жемісіндей төзімнің…

 

Мәңгілік Ел – жарқын жолдау, жан жыры,

Мәңгілік Ел – даналықтың даңғылы.

Бар қазақты берекеге бастайтын,

Мәңгілік Ел – ұлтымыздың тағдыры!».

(Балтабек Нұрғалиев)

 

 

«…Мәңгілік Ел – бейбіт өмір әуені.

Мәңгілік Ел – Ел Анамдай әдемі.

Мәңгілік Ел – Тәуелсіздік тірегі.

Мәңгілік Ел – ұлт пен ұлыс тілегі.

 

Мәңгілік Ел – Нұрағамның ділі еді.

Нұрағамды бүкіл әлем біледі!

Қазақ деген Көк түріктің ұлы елі.

Нұрағамның нұр жолымен жүреді!!!».

(Маралтай Райымбекұлы)

Осы орайда, тағы да Балтабек Нұрғалиевтің бізге берген сұхбаты еске түседі. Сонда ол: «Жақында Маралтай ағамен Жазушылар Одағының алдындағы саябақта ұшырасып қалдым. Ол кісі мені қанаттандырып, «жазуың жақсы» деп біраз мақтады», – деген еді. Мақтамағанда ше…

Сонымен, Назарбаевтар әулетін әбден масқаралаған ақын кейіпкерлерінің жиынтық образы мынадай: Назарбай – би, Әбіш әке мен Әлжан ана – киелі әулие, әз баба, Нұрсұлтан – пайғамбар, «қазақстандық Құдай», Дариға – патшайым. Тіпті, жазушы Немат Келімбетовке де «Пайғамбар» атты поэма арнаған. Соған қарағанда, ол бала үшін теңгең болса, пенде емессің, кие-қасиеттен кенде емессің. Енді аталған кісілердің қатарын көріпкел, ханзада, т.б. біреулер толықтырмай тұрғанда, шикілік шекарасынан шыға алмай жүрген Балтабек Нұрғалиев дереу өлең жазуды доғаруы керек! Сол үшін оңбай қалған одаларына толыққанды тоқталуымызға тура келді. Биыл оның осы әрекетіне белгілі ақын Мейірхан Ақдеулет те қынжылыс білдірді. «Бізде Ақтөбеде Балтабек деген жақсы, талантты жігіт болды. Монархияны қолдады ма, Дариға апам деп өлең жазды ма, соған намыстанып жүрмін», – дейді ол кісі.

Елге жеккөрінішті сиықтың елбасына сүйкімі бола қоймас…

 

Еркеғали БОЛАТҰЛЫ

«Қамшы»

Пікірлер

4 + 8 =