Мемлекеттік қызметкердің жалақысы екі есеге көтерілгеннен кейін жүргізілген анонимді сауалнама қызметкерлердің 95 пайызы жалақы мөлшеріне дән риза екенін көрсетті, деп хабарлайды мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап Stan.kz.

Маңғыстау облысы және Астанада атқарушы бөлім қызметкерлерінің орташа жалақы мөлшері 2,2 есеге артқан. Ал Маңғыстау облысының ауылдық округтеріндегі әкімдік қызметкерлерінің жалақысы 2 есе өсті.

«Көшбасшы мемлекеттердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәжірибесі көрсеткендей, жалақы мөлшері – қызметкерлерді жемқорлыққа итермелейтін факторлардың бірі. Мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын көтеру коммерциялық секторлардағы кадр тұрақсыздығы мәселесін шешуге, мемлекеттік қызметке үздік мамандарды тартуға мүмкіндік береді», – дейді агенттіктегілер.

Алдын ала мониторинг бойынша, жалақыға қатысты жаңа жүйе енгізілгеннен бері пилоттық органдардағы қызметтердің тартымдылығы, сонымен қатар экономикалық ынталандыру айтарлықтай артқан. Ал жаңа жүйе енгізілген органдардағы қызметкерлердің қызметінен кетуі 3 есеге төмендеп, бос орындарға үміткерлер саны шамамен екі есеге көбейген.

Естеріңізге сала кетсек, Қазақстанда төрт мемлекеттік органда әкімшілік мемлекеттік қызметкерлер үшін еңбекақыны төлеудің жаңа жүйесі енгізілді. Сынаққа Мемлекеттік қызмет істері агенттігі, әділет министрлігі, Астана және Маңғыстау облысының әкімдіктері қатысып отыр.

Пікірлер

3 + 8 =